
2024 жылы «Digital KAZAKSTAN: заманауи білім беру» атты тамыз конференциясына «Грамматиканы меңгертуде Британ, Жапон технологиялары арқылы заманауи білім беру» тақырыбына баяндама жаасадым. Бұл тақырыпты таңдауға негіз болған қазіргі ZETA ұрпақ жаңа технологияны, заман талабына сай әдіс-амалдарды қолдана отырып білім беруді қажет етіп отыр.
Ал қолданып отырған заманауи әдіс-тәсілдер пән бойынша беріп отырған біліміңді меңгеруге білім алушыны қаншалықты ынталандыра алады?
Тиімді (эффективті) ме?
Және жылдам нәтиже бере алады ма?
Осындай сұрақтарды қою себебім, қазіргі заман балаларына қазақ тілін меңгертуде мұғалімдердің алдында мынадай мәселелер тұр:
— қазіргі балалардың сабақты оқуға ынтасы төмен;
— берілген ақпаратты қабылдауы қиын;
— бүгін үйретіп жібергеніңді ертең ұмытып қалады;
— септік жалғауларын қанша сабақ бойы түсіндіріп, жаттығулар жасатып, үйде жаттауын талап етіп отырсаң да бәрібір шатастырады;
— тәуелдік, жіктік жалғауларын ажыратуда шатасады;
— сөздік қоры аз;
— тұрақты сөз тіркестерінің мағынасын түсіне бермейді т.б.;
— ең қиыны көп балалар сабақта зейін қойып тыңдай алмайды.
Міне, осы түйінді мәселелер ненің салдарынан болып жатыр, қалай бұл салдардың себебін анықтауға болады деген сұрақтардың шешімін табу жолында біраз ізденуіме алып келді.
Осылай ізденіс үстінде жүріп қазақ тілін, оның ішінде грамматиканы сыныптағы оқушының 80% меңгертуге ынталандыра алуға, яғни баланың беріп отырған білімді алуға ішкі фактор негізінде келуіне бірден-бір тиімді деп тапқан әдісімнің бірін бүгін сіздерге көрсеткім келіп отыр.
Мен заманауи педагогтарға арналған бірнеше курсты оқып жүріп мен тапқан нәтижеге жылдам жеткізе алатын және сол нәтижеге жетуіне оқушының өзін ынталандыра алатын әдістің бірі — «Табата протоколы» деп аталады.
Енді Табата деген не?
Неге ол «Табата протоколы» деп аталады? Оған тоқталмас бұрын осы әдіс негізінде жасалған менің авторлық грамматикалық карталарыммен ойын ойнап көрейікші! Кім қандай әсерде болады екен?
Картаның Демо нұсқасының бір бөлігі осы. (Қазір жаңа одан да тиімді нұсқасы жасалған) Келесі бөлігі оқушыларға таратылады. Дәл қазір оқушы орнына ұстаздарды ойнатып, ойын эффектісімен бөліссем. Содан соң барып бұл әдістің оқушының септік жалғауларын меңгеруге қызығушылығы қалай артатынын, баланың бойында қалай адреналин тарап, ойынды қайта ойнауға құмартып тұратынын сезінер едік.
Ойын шарты бойынша оқушы септік жалғауын қаншалықты жақсы білетін болса, соншалықты картада ұту мүмкіндігіне жақындай түсетін болады. Ал адреналин көтеріліп, қайта ойнағысы келіп тұрған бала бейсаналы түрде септік жалғауларын жаттауға ұмтыла түседі.
Ал енді «Табата протоколы» деп аталу себебі не? Соған тоқталсақ.
Табата жапондық дәрігер Изуми Табатаның арқасында танымал болды. 1990 жылдары ол конькимен сырғанаудан Жапонияның олимпиадалық құрамасымен жұмыс істеді. Дәрігердің міндеті төзімділікті арттыру жолдарын іздеу болды. Кәсіби спортшылар екі топқа бөлінді: біріншісінде аптасына бес күн орташа қарқындылықпен бір сағат, екіншісінде небәрі төрт минут, бірақ жоғары қарқынмен жаттығады.
Алты аптадан кейін бірінші топта аэробты көрсеткіштер өсті, спортшылардың бұлшықет жағдайы эксперимент басталғанға дейінгі деңгейде қалды. Екінші топта барлық көрсеткіштер, әсіресе төзімділік өсті. Дәрігер аралық жаттығулардың тиімділігі туралы қорытынды жасады.
Табата — бұл жоғары қарқынды интервалды жаттығудың бір түрі, оның мәні келесідей: 20 секунд ішінде жаттығуды шекті деңгейде орындаңыз, 8-10 қайталау жасаңыз, содан кейін 10 секундтық демалысқа үзіліс жасаңыз. Жаттығу өте қысқа, бірақ бірнеше раундқа сәйкес келеді.
Табата әдісі туралы орыс спортшыларының жаттықтырушысы Анастасия Юркова: «Табата жаттығуларының негізгі аспектісі — жаттығуларды толық бар күшіңмен орындау»,_ дейді.
Сондай- ақ автор: «Жаңадан бастаған спортшылар үшін жаттығудың бұл түрі қолайлы емес. Оларға алдымен екі-үш ай бойы төзімділік деңгейін жоғарылататын және жүрек-қан тамырлары жүйесін осындай жүктемеге дайындайтын негізгі кардио жаттығуларына, сондай-ақ дұрыс техниканы үйренуге және құруға көмектесетін күш жаттығуларына назар аудару ұсынылады: Планк, скват, итеру, [1] — деп жаттығудың негізгі ерекшеліктерін атап өтеді. Бұл – спорттағы ерекшелік.
Ал біз грамматиканы карта Табата арқылы меңгертуде білім алушыларға қандай қолайлы жағдай жасай аламыз?
Қазақ тілі сабағында Табата әдісін қолданудың негізгі аспектісі — баланың миы бар энергиясын осы ойын тапсырмаларын орындауға жұмылдырылады. Ми өте жылдам қызметке қосылып, жылдам шешім қабылдауы қажет болады.
Табата жаттығуы спортта:
- Әлсіз
- спортты енді бастаған спортшыларға қолдануға қиын болса,
Қазақ тілі сабағында грамматиканы меңгеруде мидың қарқыны жұмысын іске қосуда:
— зейіні төмен;
— есте сақтау қабілеті нашар;
— ақпаратты қабылдауы қиын (көбінде мидың екі жартышары жұмысы аздықтан нейрон клеткалары ұйықтап қалған) оқушыларға қиын соғады.
Спортта Табата жаттығуларына кіріспес бұрын төзімділік деңгейін көтеріп, техникаларды дұрыс жасауды үйретсе, білім алуға қажетті дағдылар толық қалыптаспаған балаларға Табата жаттығуларын жасатпас бұрын дамыту қажет дағдыны тиісті деңгейге жеткізетін жаттығулар жасалады және міндетті түрде ми дамыту жаттығулары жасалады. Және ол жаттығуларды қазақ тілі пәнін меңгеруге қатысты етіп жасап алуға болады.
Мысалы, оқушының зейіні тұрақты болмаса,яғни сабақта тыныш отыра алмаса, терезеге қарап кетсе, бетіңе қарап отырып, басқа нәрсені ойланып кетсе, қысқасы бір нәрсені ұзақ уақыт жасай,тыңдай алмаса төмендегі жаттығулармен жұмыс жасатыңыз:
Струп тест
Сөздерді оқымай, тек түсін айтамыз
Атау Барыс Ілік Табыс Көмектес Атау Шығыс
Табыс Кімнің Барыс Неден Кімді Ілік Кіммен
Есте сақтауын дамыту үшін: мнемотехника, жаттап ал да қайта сал т.б. Және барлығын уақытқа жасату керек.
Ал ми дамыту жаттығуының интернет желісінде неше түрі бар. Мен соларды алып, қазақ тілі сабағына сәйкестендіріп алған жаттығуларымды жасатамын. Мысалы, «Оң қол, сол қол» жаттығуын қағаз және видео түрінде дайындалған жаттығуларын жасату арқылы балалардың миын дамыта отырып, грамматиканы пысықтауға болады.
Енді сіздерді берілген білімді меңгеруде қиналатын оқушыларда танымдық дағдылардың қайсысы дамымай тұрғанын қалай анықтаймыз деген сұрақ тұрса, оны «Британдық нейродиагностика» тәсілі арқылы анықтай аламыз. Бұл диагностиканы практикада таныстыра жатармын.
Қорыта келе, жапондық «Табата протоколы» әдісі арқылы жасалған грамматикалық картаны қолдана отырып, қазақ тілінің кез-келген грамматикалық формаларын қызықты әрі жылдам меңгерте алатыныңызға сендіргім келеді. Және осы ойын түрін ойнауға қызыға отырып, балалар жылдамдық, есте сақтау, зейінін шоғырландыру, ми қозғау (смартфонға үңіліп күндері өтіп жатқан ұрпақ үшін өте маңызды нәрсе) секілді өмірде қажет танымдық дағдыларын дамытып, функционалды сауаттылықтары артады. Өмірде қолдана білуге дағдыланады.
Грамматикалық картаны конференцияда мұғалімдерге
практика жасатып таныстырдым. Барлық ұстазға ұнады.
Әр жеткіншек танымдық дағдыларын дамытып, қазақ тілін қуана оқитын болса, қазақ тілі ұстаздарының мәртебесі өскені!